МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫ – АЛТЫН БЕЛГІ ИЕГЕРІ ИСАҚҰЛ ҚАДЫР » СШ№6 Кенес
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Меркі ауданы білім бөлімінің
"№6 жалпы орта білім беретін мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫ – АЛТЫН БЕЛГІ ИЕГЕРІ ИСАҚҰЛ ҚАДЫР
11
июнь
2026

МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫ – АЛТЫН БЕЛГІ ИЕГЕРІ ИСАҚҰЛ ҚАДЫР

МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫ – АЛТЫН БЕЛГІ ИЕГЕРІ ИСАҚҰЛ ҚАДЫР

2025–2026 оқу жылы мектебіміз үшін табысты да тарихи жылдардың бірі болды. Биылғы түлектер қатарынан өзінің білімділігімен, еңбекқорлығымен, тәрбиелілігімен және үздік жетістіктерімен ерекшеленген шәкіртіміз – Исақұл Қадыр Азаматұлы мектепті «Алтын белгі» аттестатымен тәмамдап отыр.                     Қадыр – мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ өзіне үлкен талап қоя білетін, білімге құштар, ізденімпаз оқушы ретінде танылды. Ол сабақтарды үздік оқып қана қоймай, түрлі білім бәйгелерінде мектеп намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе математика пәніне деген қызығушылығы мен ерекше қабілеті оның көптеген жетістіктерге жетуіне жол ашты. Қадыр облыстық және республикалық деңгейдегі математика олимпиадалары мен ғылыми-білім сайыстарына белсенді қатысып, бірнеше мәрте жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Бұл жетістіктер – оның табандылығының, жүйелі еңбегінің және білімге деген шынайы ынтасының айқын дәлелі. Әрбір жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалып, өз білімін жетілдіруге ұмтылған шәкіртіміз мектеп абыройын әрдайым жоғары деңгейде көрсете білді.   Биылғы қорытынды аттестаттау кезеңінде де Қадыр барлық пәндерден жоғары білім деңгейін көрсетіп, емтихандарды өте жақсы нәтижемен тапсырды. Бұл оның жылдар бойы жинаған білімі мен тынымсыз еңбегінің жемісі болды. Осындай жоғары көрсеткіштердің нәтижесінде ол мектепті «Алтын белгі» иегері атанып аяқтап отыр. Қадырдың тұлға болып қалыптасуына оның отбасының ықпалы ерекше. Ол өнегелі, тәрбиелі әрі ұстаздық дәстүрді жалғастырып келе жатқан жанұяда тәрбиеленді. Апасы Дауренбекова Бағдат – шәкірт тәрбиелеуде мол тәжірибесі бар, көпшілікке сыйлы, танымал аға ұстаз. Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, көптеген шәкірттердің өмір жолына бағыт-бағдар берген ұстаздың өнегесі Қадыр үшін үлкен үлгі болды. Сонымен қатар анасы Лаззат та білім беру саласының білікті маманы, мектептің әдістемелік оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Ұстаздық қызметтің жауапкершілігін терең түсінетін анасы ұлының білімді, саналы, тәрбиелі азамат болып өсуіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осындай зиялы ортада тәрбиеленген Қадырдың бойынан кішіпейілділік, жауапкершілік, адамгершілік және еңбекқорлық қасиеттері айқын көрінеді.

Мектеп ұжымы Қадырды тек үздік оқушы ретінде ғана емес, мәдениетті мінезімен, құрдастарына құрметімен, ұстаздарға деген ізетімен ерекшеленетін шәкірт ретінде жақсы біледі. Ол әрдайым өз ісіне жауапкершілікпен қарап, айналасына үлгі бола білді. Қандай ортада болмасын сабырлылығын сақтап, өз ойын мәдениетті жеткізе алатын қасиетімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Бүгінгі жетістік – тек Қадырдың ғана емес, оның ата-анасының, ұстаздарының және мектебіміздің ортақ қуанышы. Осындай дарынды әрі тәрбиелі шәкірттің мектеп қабырғасынан түлеп ұшуы – білім ордасы үшін үлкен мақтаныш. Біз Қадырдың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын білімді маман, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына сенім білдіреміз.

Құрметті Исақұл Қадыр Азаматұлы!  Мектеп ұжымы атынан Сізді «Алтын белгі» иегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы өмір жолыңызда толағай табыстарға жетіп, армандарыңыз орындала берсін. Білім мен еңбектің арқасында бағындырған бүгінгі белесіңіз келешек үлкен жетістіктердің бастауы болғай. Мектебіміздің мақтанышы болып қала беріңіз!

Ақ жол, жас түлек!