2025–2026 оқу жылында №6 жалпы орта білім беретін мектебінің жалпы орта білім беру курсын 11-сыныптың 33 оқушысы табысты аяқтады.

2025–2026 оқу жылында №6 жалпы орта білім беретін мектебінің жалпы орта білім беру курсын 11-сыныптың 33 оқушысы табысты аяқтады. Бұл – оқушылардың мектеп қабырғасындағы он бір жылдық білім жолын қорытындылап, үлкен өмірге қадам басар жауапты кезеңі. Оқу жылы барысында түлектер сапалы білім алып, түрлі оқу, мәдени және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, мектептің абыройын арттыруға өз үлестерін қосты. Ұстаздардың кәсіби еңбегі мен ата-аналардың қолдауының арқасында білім алушылар оқу бағдарламасын толық меңгеріп, мемлекеттік қорытынды аттестаттауға қатысты. 2026 жылғы мемлекеттік қорытынды аттестаттау барысында мектеп түлектері бес пән бойынша мемлекеттік емтихан тапсырды. Оқушылар емтихандарда өз білім деңгейлерін көрсетіп, жауапкершілік пен табандылық танытты. Бұл сынақ олардың мектеп қабырғасында алған білімдерінің нәтижесін айқындайтын маңызды кезең болды. Биылғы оқу жылы мектеп үшін жемісті жылдардың бірі болды. Түлектер қатарынан бір «Алтын белгі» иегері және алты үздік аттестатқа үміткер оқушы тәрбиеленіп шықты. «Алтын белгі» иегері Исақұл Қадыр өзінің жоғары білім деңгейін дәлелдеп, мемлекеттік емтихандарда білімін сәтті қорғап, ерекше жетістікке қол жеткізді. Бұл – оқушының ғана емес, оны тәрбиелеген ата-анасы мен білім берген ұстаздарының да ортақ мерейі. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері де қуантты. Мамыр айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп түлектері орташа есеппен 80,9 балл көрсетіп, жақсы нәтиже көрсетті. Оның ішінде 7 оқушы 100 балдан жоғары жинап, өздерінің терең білімдері мен жоғары дайындық деңгейлерін дәлелдеді. Бұл көрсеткіштер мектеп ұжымының жүйелі жұмысының және оқушылардың білімге деген ұмтылысының айқын көрінісі болып табылады. Түлектер үшін мектеп өмірі – ұмытылмас естеліктерге толы алтын дәурен. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің бүгінгі саналы, білімді, мақсатшыл жас азаматтарға айналуы – ұстаздар еңбегінің жемісі. Он бір жыл бойы бірге өткізген қызықты сәттер, достық қарым-қатынастар, жетістіктер мен жеңістер олардың жүрегінде мәңгі сақталмақ. 2026 жылғы 17 маусым күні мектеп түлектеріне салтанатты түрде аттестаттар табысталып, олар туған мектебімен қоштасады. Бұл күн – қуаныш пен толғанысқа толы ерекше сәт. Бір жағынан мектеппен қоштасудың қимастығы болса, екінші жағынан болашаққа деген сенім мен үлкен армандарға бастар жаңа өмір жолының бастауы. Бүгінгі түлектер – ертеңгі елдің тірегі, қоғамның белсенді мүшелері. Олардың әрқайсысы өз армандарына жетіп, таңдаған мамандықтарының білікті иесі болып, ел дамуына үлес қосады деп сенеміз. Алда оларды жаңа белестер, үлкен мүмкіндіктер мен жауапты шешімдер күтіп тұр. №6 жалпы орта білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымы барлық түлектерге ақ жол, мол табыс және жарқын болашақ тілейді. Армандары асқақ, мақсаттары айқын болып, өмір жолында әрдайым биік белестерден көріне берсін. Қай жерде жүрсе де туған мектебінің абыройын асқақтатып, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтайтын азаматтар болуына тілектеспіз.
Сәт сапар, жас түлектер! Өмір жолдарың ашық, қадамдарың нық, болашақтарың баянды болсын!

