2025–2026 оқу жылында №6 жалпы орта білім беретін мектебінің негізгі орта білім беру курсын 9-сыныптың 42 оқушысы сәтті аяқтады.
2025–2026 оқу жылында №6 жалпы орта білім беретін мектебінің негізгі орта білім беру курсын 9-сыныптың 42 оқушысы сәтті аяқтады. Оқушылар білім жолындағы маңызды белес – негізгі орта білім деңгейін қорытындылау кезеңіне жетіп, мемлекеттік емтихандарға қатысты. Оқу жылы бойы білім алушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Сынып жетекшілері Шиникова Айдын мен Кенжебек Нұрым оқушылардың жан-жақты дамуына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына, білім сапасының артуына және тәртіптің сақталуына ерекше көңіл бөлді. Ұстаздардың табанды еңбегі мен ата-аналардың қолдауы нәтижесінде оқушылар оқу бағдарламасын толық меңгеріп, негізгі орта білім беру курсын аяқтады. 2026 жылғы мемлекеттік қорытынды аттестаттау барысында оқушылар төрт пән бойынша емтихан тапсырды. Олар емтихан кезеңінде өздерінің алған білімдерін, біліктері мен дағдыларын көрсетіп, жауапкершілік пен жинақылық танытты. Мемлекеттік емтихандар талапқа сай ұйымдастырылып, белгіленген тәртіп бойынша өткізілді. Тоғыз жыл бойы мектеп қабырғасында тәлім-тәрбие алған оқушылар үшін бұл кезең өмірлеріндегі маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды. Олар алғашқы ұстаздарынан бастап пән мұғалімдерінің берген білімін бойларына сіңіріп, мектеп өмірінің қызықты да әсерлі күндерін артта қалдырды. Әрбір жетістік пен жеңіс, қуаныш пен тәжірибе олардың болашақ өміріне бағыт-бағдар беретін құнды қазына болып қала бермек. 12 маусымнан бастап 9-сынып түлектері жазғы демалысқа шықты. Алда оларды жаңа мүмкіндіктер мен үлкен таңдау күтіп тұр. Түлектердің бір бөлігі 10-сыныпта білімдерін жалғастыруды жоспарласа, енді бір бөлігі өздерінің қызығушылықтары мен кәсіби бағдарларына сәйкес колледждерге түсіп, мамандық игеру жолын таңдауда. Бұл – олардың болашаққа жасаған алғашқы маңызды қадамдарының бірі. Мектеп ұжымы әрбір түлектің болашағынан зор үміт күтеді. Бүгінгі мектеп түлегі – ертеңгі елдің тірегі, қоғамның белсенді азаматы. Сондықтан олардың қай жолды таңдаса да, алған білімдері мен тәрбиелері өмірлеріне шамшырақ болады деп сенеміз. №6 жалпы орта білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымы барлық түлектерге ақ жол тілейді. Алдағы оқу орындарында жоғары жетістіктерге жетіп, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтап, ел дамуына үлес қосатын азаматтар болып қалыптасуларына тілектеспіз. 2026–2027 оқу жылында білімдерін жалғастыратын оқушылардың жаңа оқу жылына аман-есен оралып, биік белестерді бағындыруына мектеп мұғалімдері шын жүректен тілеулес. Барша шәкірттерімізге мықты денсаулық, жарқын болашақ, толағай табыс және білім жолында сарқылмас шабыт тілейміз.