Білім мен тағылымның киелі ордасы » СШ№6 Кенес
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Меркі ауданы білім бөлімінің
"№6 жалпы орта білім беретін мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Білім мен тағылымның киелі ордасы
30
декабрь
2025

Білім мен тағылымның киелі ордасы

Білім мен тағылымның киелі ордасы

 1967 жылы іргесі қаланып, пайдалануға берілген бұл мектеп – талай ұрпақтың арманы мен үмітін ақтаған, сан мыңдаған шәкіртке білім нәрін сыйлаған қасиетті қара шаңырақ. Уақыт өтсе де, білімге деген жауапкершілігі мен рухани миссиясы ешқашан әлсіреген емес. Сыйымдылығы 600 орынға арналған оқу орны өз тарихында талай кезеңді бастан өткеріп, әр дәуірдің талабына сай дамып, жаңарып отырды.

Мектеп – тек білім беретін ғимарат қана емес, ол – адам қалыптастыратын үлкен тәрбие мекені. Осы білім ордасының қабырғасында талай баланың ойы оянып, талай жастың жүрегінде арман оты тұтанды. Бұл мектептің әр кірпіші, әр дәлізі, әр сынып бөлмесі – шәкірттердің балғын күлкісі мен ұстаздардың ыстық ықыласына толы.

Бүгінгі таңда мектептің тізгінін ұстап отырған директор Менилбеков Б.С. – білім сапасын арттыруды, тәрбие мен оқытуды үйлестіре жүргізуді басты мақсат еткен басшы. Оның жетекшілігімен мектеп ұжымы бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етіп, заман талабына сай жаңашылдық пен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, оқу-тәрбие жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруда.

Қазіргі мектеп тынысы

2025–2026 оқу жылында мектепте барлығы 396 оқушы білім алып, 22 сынып комплектісі жұмыс істейді. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген 54 ұстаз – өз ісінің шынайы мамандары. Олар әр сабағында оқушыны тек білім алушы емес, ертеңгі ел тірегі, қоғам мүшесі ретінде тәрбиелеуге баса мән береді. Ұстаздар қауымы – мектептің жүрегі. Әрбір мұғалімнің еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды еңбек. Олар шәкірттерін ізденіске, ойлауға, талдауға, өз ойын еркін жеткізе білуге баули отырып, болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашады.

Үлкен шаңырақ – бай тарих

Бұл мектеп өз тарихында ерекше кезеңдерді бастан кешірді. Әсіресе 1980-жылдары мектеп нағыз үлкен шаңыраққа айналып, 1200-ге жуық оқушыға білім мен тәрбие берді. Ол жылдары мектептің дәліздері баланың күлкісіне толып, сыныптарда білімге деген құштарлық ерекше сезілетін.

Сол бір жарқын кезеңдерде бұл білім ордасында ел есінде қалған, өз заманының білікті де білімді, жүрегі мейірімге толы айтулы ұстаздар қызмет етті. Олар шәкірт тәрбиелеуді өмірлік мұрат етіп, әр баланың бойынан қабілет пен талантты көре білді.

Ұстаздар – мектеп тарихының алтын қоры

Мектеп тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұстаздар аз емес. Солардың қатарында:

Бәкірбаева Ш. апай – шәкірттеріне аналық мейіріммен қарап, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған ұлағатты ұстаз, география пәнінің мұғалімі;
 Абаева К. апай – сабырлы мінезімен, терең білімімен талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан жан, математика пәнінің қыр сырын жақсы меңгерген ұстаз;
 Халықов Т. ағай – талапшылдық пен әділдікті ұстанған, білімге жауапкершілікпен қарауды үйреткен ұстаз, физика пәнінен сабақ берген;
 Исмайлов К. ағай – шәкірттерін ойлауға, өз ойын дәлелдеуге баулыған, шынайы педагог, тарих пәнінің мұғалімі;
 Дабылтаев Есберген ағай – еңбегімен, адами болмысымен көпке үлгі болған, өнегелі ұстаз, осы мектепете көп жылдар директор қызметін қоса атқарған ұстаз;
 Еркетаева Тохан апай – шәкірт жанына жол таба білген, тәрбиенің нәзік қырларын меңгерген жан, география пәнінің мұғалімі;
 Есеналиева Тохан апай – ұстаздық пен адамгершілікті қатар алып жүрген, шәкірттерінің сүйікті апайы, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беріп, сауаттылыққа өз үлесін қосқан айтулы , мейірімді ұстаз;
 Меңлібеков С. ағай – еңбекқорлығымен, табандылығымен ерекшеленген, ұжымға сыйлы ұстаз, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі;
 Таубаева Р. апай – білімге адалдықтың, ұстаздық парызға беріктіктің үлгісін көрсеткен, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін майталман ұстаз;

Дауренбекова Б. – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттерін сөз құдіретін түсінуге, ұлттық рухты қадірлеуге баулыған білікті ұстаз;
 Иманбаева Н. – орыс тілі пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың тілдік сауаттылығын арттырып, мәдениетаралық қарым-қатынасқа тәрбиелеген тәжірибелі педагог;
 Маханбетова Н. – орыс тілі пәнінен талай шәкірттің білім көкжиегін кеңейтіп, жауапкершілік пен ізденіске баулыған ұстаз.

Бұл ардақты жандар шәкірттерге тек пән үйретіп қана қойған жоқ, олар өмір сүрудің, адам болудың, елге қызмет етудің мәнін ұқтырды. Әрқайсысы өз ісімен, сөзімен, болмысымен жас ұрпаққа сара жол салып берді.

Ұрпақ сабақтастығы – мәңгілік құндылық

Бүгінгі мектеп – кешегі ұлағатты ұстаздардың аманатын арқалап келе жатқан, сол дәстүрді жалғастырып отырған білім ордасы. Ұрпақ сабақтастығы сақталған жерде мектептің рухы ешқашан өшпейді. Кеше осы мектептен түлеп ұшқан түлектер бүгінгі күні елдің әр саласында еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр.

Мектеп – өткен мен бүгінді, тарих пен болашақты жалғаған алтын көпір. Бұл шаңырақта әлі талай шәкірт білім алып, талай арман жүзеге асары сөзсіз. Осындай бай тарихы мен тағылымы мол мектеп – әрқашан ел мақтанышы.