Ұлағатты ұстаз, іскер басшы – Тескенбаева Гүлзат Қайдаровнаның өнегелі еңбек жолы » СШ№6 Кенес
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Меркі ауданы білім бөлімінің
"№6 жалпы орта білім беретін мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Ұлағатты ұстаз, іскер басшы – Тескенбаева Гүлзат Қайдаровнаның өнегелі еңбек жолы
29
декабрь
2025

Ұлағатты ұстаз, іскер басшы – Тескенбаева Гүлзат Қайдаровнаның өнегелі еңбек жолы

Мектеп – ұрпақ тағдыры қалыптасатын қасиетті шаңырақ. Сол шаңырақтың берекесін кіргізіп, тәрбие мен білімнің тең өрілуіне аянбай қызмет еткен жандардың орны әрдайым бөлек. Осындай абыройлы еңбек иелерінің бірі – мектептің ДОЖЖО-сы, ұлағатты ұстаз Тескенбаева Гүлзат Қайдаровна.

Гүлзат Қайдаровна өз еңбек жолын 1988 жылы осы қара шаңырақта математика пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Жас маман бола жүріп, ол білімге деген жауапкершілігімен, талапшылдығымен, әр оқушының жүрегіне жол таба білетін ұстаздық шеберлігімен аз уақыттың ішінде әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне ие болды. Математикадай күрделі пәнді шәкірттеріне түсінікті де тартымды етіп жеткізіп, логикалық ойлау мен тәртіпке баулыды.

Уақыт өте келе оның ұйымдастырушылық қабілеті, ұжыммен тіл табыса білетін іскерлігі айқын көрінді. 2004 жылдан бастап Гүлзат апай ДОЖЖО қызметін қоса атқарып, мектептегі тәрбие жұмысының жүйелі жүргізілуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл қызметте ол тек талап қоя білетін басшы ғана емес, әріптестеріне тірек, оқушыларға бағыт-бағдар беретін қамқор жан ретінде танылды. Мектеп өміріндегі әрбір тәрбиелік іс-шара оның ұқыптылығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі болды.

Гүлзат Қайдаровнаның өмір жолы – ұстаздық әулеттің жалғасы. Оның анасы, Есеналиева Тоханда – елге белгілі, айтулы аға ұстаз, саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған тағылымды тұлға. Анадан дарыған ұстаздық қасиет, бала жүрегіне жылу бере білетін мейірім мен парасат Гүлзат апайдың болмысынан айқын сезіледі.

Ұстаздық пен басшылық қызметті қатар алып жүре отырып, Гүлзат апай өнегелі отбасы қалыптастырды. Ол екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіріп, отбасында да, қызметте де жауапкершілік пен адамгершілікті биік қойды. Балаларына адал еңбек пен білімге құрметті өмірлік ұстаным етіп дарыта білді.

2025 жылдың 18 желтоқсанында Тескенбаева Гүлзат Қайдаровна зейнет жасына жетіп, ұзақ жылдарға созылған абыройлы еңбек жолын мәртебелі белеске жеткізді. Бұл – тынымсыз еңбектің, адал қызметтің, шәкірт пен әріптес ықыласының заңды жемісі.

Гүлзат апайдың есімі мектеп тарихында білікті мұғалім, іскер ДОЖЖО, адамгершілігі мол ұстаз ретінде мәңгі сақталады. Оның еңбегі – шәкірт жадында, тәлімі – жас мамандарға үлгі, өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Ұлағатты ұстазға зор денсаулық, отбасына амандық, зейнеткерлік өміріне береке мен тыныштық тілейміз.